Облыстық педагогикалық қызметкерлердің тамыз конференциясы аясында ағымдағы жылдың 4 тамыз күні ZOOM қосымшасы арқылы онлайн тәртібінде педагогтердің жаңа идеялар мен жаңалықтарды енгізуіне, жұмыс тәжірибелерімен өзара бөлісуіне қолдау көрсету, педагогикалық озат тәжірибе алмасу алаңын құру, әдістемелік жұмыстарды жандандыру, эксперттеу, анықтау және тираждауға ықпал ету мақсатында «Шығармашылыққа шектеу жоқ» педагогикалық инновациялар шеберханасы өткізілді.
Шеберхана жұмысына аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдіскерлері, шағын жинақты мектептер, ресурстық орталықтар және магниттік мектептердің мұғалімдері, білім беру ұйымдарының бастауыш сынып мұғалімдері, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша педагогтері, мектеп кітапханашылары және «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімдері қатысты. Барлығы 210 педагог.
Педагогикалық инновациялар шеберханасының жұмысы барысында педагогтерге Bilimland Group маркетинг департаментінің маманы Тамай Ақжан Алпысбайұлы «OnlineMektep. Орта білім беру ұйымдарындағы қашықтан оқыту жүйесі», «Bilim kids. Мектепке дейінгі ұйымдарында қашықтан оқыту жүйесі» білім сайттарының жұмысымен таныстырса, Knowledge engineering компаниясының тренері Әзімханов Еркебұлан «Microsoft Teams арқылы қашықтан оқытуды ұйымдастыру формалары» білім беру платформаның қолданылуы бойынша және оқу үрдісінде пайдаланудың тиімді тұстарын көрсетіп, ақпарат берді. Мектепке дейінгі, бастауыш білім беру бөлімінің әдіскерлері «Білім беру мазмұнын жетілдіру үшін нормативтік-құқықтық актілерді өзектендіру» тақырыбында баяндама жасап, педагогтерді нормативтік-құқықтық құжаттардың өзгерістері және толықтыруларымен таныстырды.
Сонымен қатар, шеберхана қатысушылары стендтік таныстырылым, шеберлік сыныбы, оқыту семинары, мультимедиалық презентация бағыттары бойынша жұмыстанып, кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру бағытында тиімді әдіс-тәсілдері мен ұтымды идеяларын ортаға салды. Қашықтықтан оқытудың түрлі белсенді әдіс-тәсілдерін қолдану тәжірибелерімен бөлісіп, көкейтесті сауалдарына жауап ала отырып, өз қоржындарын толықтырды.
Секция жұмысының қорытындысында жаңа оқу жылында білім берудің басым бағыттары мен міндеттері белгіленіп, ұсынымдар қабылданды.