Ағымдағы жылдың 7 қазан күні БҚО білім басқармасының жоспарына сәйкес шығыстың ғұлама ойшыл ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңбектерін ұлықтау, рухани және ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында «Ұлы Ұстаз тағылымы» атты облыстық жас ұстаздар форумы өтті. Форумға барлығы 80 педагог қатысты.
Жас ұстаздар форумына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, журналист Шолпан Қыдырниязова қатысып, ұлылар шығармаларындағы тәлім-тәрбие, мәңгілік тәрбиелік құндылық туралы ой қозғады.
Шараға сондай-ақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары, тарих ғылымдарының магистрі Г.Жалекенова, А.Ихсановалар қатысып, Әбу Насыр әл-Фараби өміріндегі қызықты деректермен бөлісіп, ұлы ұстаздың тарихтағы ролін айқындай отырып, ғалым мұрасының қазақ даласына қайта оралуы туралы тоқталып өтті.
Форумға қатысушылар жас мамандарға ғылыми жоба жазбаларын жүргізу жолдары барысында мағлұмат беріп, әлемге танымал әл-Фараби еңбектерінің бірі – «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» жөнінде құнды мағлұмат берді.
Шара соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді.