Білім беруді дамыту орталығының жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 27-28 мамыр күндері онлайн тәртібінде ZOOM қосымшасы арқылы облыстық «APROPOS» кәсіби қарым-қатынас клубының жобалық жұмысы ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты: сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жүзеге асыратын педагогикалық қызметкерлердің кәсіби өсуін қамтамасыз ету.
«APROPOS» кәсіби қарым-қатынас клубының жобалық жұмысына аудандық (қалалық) мектепке дейінгі ұйым, шағын орталық, мектепалды даярлық топтарының тәрбиешілері мен әдіскерлері қатысты. Барлығы 60 педагог.
Жобалық жұмыстың І шақырылымының бағдарламасына сәйкес облыстық білім беруді дамыту орталығының әдіскері мен шығармашылық топтың тәжірибелі мамандары әдіскер мен тәрбиеші жұмысына қажетті нормативтік-құқықтық құжаттары бойынша сұрақтарын талқылап, жылдық жұмыс жоспарының, үлгілік бағдарлама мазмұнын игерудің сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ететін перспективалық жоспар мен циклограмманың құрылуын түсіндірді. Мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізу, озат педагогикалық жұмыс тәжірибелерін, әдіскер құжаты, педагог портфолиосын жасақтау бағытында ұсыныстар беріліп, педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін, педагогикалық білімдері мен біліктіліктерін жетілдірді.
Қорытындысында, «APROPOS» кәсіби қарым-қатынас клубының қатысушылары өзара пікір алмасып, әсерлерімен бөлісті. Жобалық жұмыстың ІІ шақырылымына мектеп жасына дейінгі балалармен білім беру қызметін жүзеге асыратын педагогтердің жобалық жұмысын ұсыну түрінде үй тапсырмасы берілді.